Түркістан облысында қызылша аурушаңдығы төмендеді

Түркістан облысында 55 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау алды, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Pexels

Түркістан облысында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде өңірге қосымша 83000 доза вакцина жеткізілді. Бұған дейін 14700 дана екпе келген болатын.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 2982 адам «қызылша жұқтырды» деген күдікке ілінген. Зертханалық және клиникалық тексерулердің барысында оның 1450 аталған дертпен науқастанғаны дәлелденіп отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 1237.

«Қазіргі таңда 55 712 бала қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау алды. Бұл вакцина алуға тиісті балалардың 30 пайызын құрайды. Нәтижесінде, 5-ші желтоқсан мен 11-ші желтоқсан аралығында қызылша аурушаңдығы 75,7 пайызға төмендегені байқалды. Қызылша ауруының белгілі бір емі жоқ, асқынған жағдайдарда өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін немесе ларингит, құлақтың қабынуы, пневмония, қызылша энцефалиті, мидың қабынуы секілді тағы басқа да асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан, аурудың алдын алу үшін қызылшаға қарсы қарсы екпе алу керек» - деді Түркістан облысының СЭБД басшысы Н. Нышанов.