Түркістан облысында қоқыс жинаудан жарыс өтті

Фото: Фото: Кентау қаласы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Хантағы ауылында ерекше форматтағы тазалық шарасы ұйымдастырылды.

«Қаратау қорығы» аумағында өткен плоггингке қатысушылар жүгіріп жүріп қоқыс жинады.

Жарысқа қаладағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, қалалық мәслихат депутаттары, колледж студенттері мен еріктілерден құралған 35 команда қатысты. 15 арнайы техника жұмылдырылып, 300-ден астам қап қоқыс шығарылды. Жалпы шараға 500-ден астам адам атсалысты.

Фото: Кентау қаласы әкімдігі

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов табиғатты аялауға белсенді үлес қосқан барлық қатысушыға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығы – адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

Фото: Кентау қаласы әкімдігі
Фото: Кентау қаласы әкімдігі
Фото: Кентау қаласы әкімдігі

Тазалық эко-жарысының қорытындысы бойынша белсенділік танытқан командалар жүлделі орындарға ие болып, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды иеленді.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Таза Қазақстан» акциясы аясында MNU-да жаңа гүлзардың құрылысы басталғанын жазған болатынбыз.