Желідегі мәліметтерге сәйкес, Сайрам ауданында бір топ адам жас жігітті қоршап алып, соққыға жыққан. Жанжал күндіз көкпар алаңында басталып, кешке оны көшеге сөйлесуге шақырған.
Аталған оқиғаға байланысты Түркістан облысы Полиция департаменті түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, 7 ақпан күні полицияға Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама түскен.
— Полиция қызметкерлері қажетті іс-шараларды атқарып, жанжалдың барлық қатысушыларын, сондай-ақ оқиғаның куәларын анықтады. Бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде екі жергілікті тұрғын ұсталды, — делінген облыстық ПД хабарламасында.
Сот ұсталғандарға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.
— Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Туыстарының уәждері зерттеліп, тексеріледі, — деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта жәбірленуші медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.
Бұдан бұрын Сайрам ауданында 8 адам бөтен үйге басып кіріп, бүкіл отбасын соққыға жыққанын жазған едік.