Түркістан облысында қола дәуірінің құнды жәдігерлері табылды

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасының маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қола дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды.

Ғылыми экспедицияға белгілі археолог А. Н. Подушкин жетекшілік етті. Құнды жәдігерлер арасында 60–40 мың жыл бұрынғы тас құралдар, алтынмен көмкерілген әшекей бұйымдар, қоладан жасалған білезіктер мен тұрмыстық заттар, жауынгердің қару-жарақтары, сондай-ақ ортағасырлық мыс тиындар бар.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Мамандардың айтуынша, мұндай көлемдегі жәдігерлер алғаш рет Орта Азия кеңістігінде дәл осы Ордабасы жерінен табылып отыр. Бұл — тек Қазақстан тарихы ғана емес, бүкіл аймақ үшін үлкен ғылыми жаңалық.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Барлық табылған бұйымдар арнайы зертханалық сараптамадан өткізіліп, кейіннен «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына тапсырылатын болады.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Археологтардың айтуынша, бұл қазбалар Ордабасы өңірінің ежелгі өркениет пен мәдениеттің ірі орталығы болғанын айқын дәлелдейді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда медицина қызметкеріне күш қолданған тұрғын қамауға алынғанын жазған болатынбыз.