Түркістан облысында Конституциямен құрдас 142 полицей қызмет етеді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Бүгінде Түркістан облысы полиция департаментінде Конституциямен құрдас 142 полиция қызметкері сап түзеп келеді. Жас мамандар қоғам тыныштығын сақтауда қалтқысыз қызметімен көрініп жүр. Олардың арасында жас та болса бас болып, басшылық лауазымдарда қызмет атқарып жатқандары да бар.

Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

Түркістан облысы полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы, полиция капитаны Бек Шамил Конституция қабылданған жылы дүниеге келген.

«Бақытты балалық шағымды жанұямның ортасында өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Заңы орныққан, бейбіт те тыныш елде түлеген ұрпақ болғандықтан, құлашымды кеңге ашқан еркінмін» - дейді ол.

Конституциямен құрдас полиция қызметкерінің бірі Орынбек Тәшкенбай. Ол Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қазір Түлкібас аудандық полиция бөлімінде ақпарат және байланыс тобының аға инспекторы қызметін атқарады.

«Мен мемлекетіміздің Ата заңы қабылданған жылы туылғанымды мақтаныш санаймын. Бала күнгі арманым орындалып, полиция қызметкері болдым. Қазір өз елімнің тыныштығын күзетіп жүрмін», - дейді полиция аға лейтенанты.

Түркістан облысы полиция департаментінің тылмен қамтамасыз ету басқармасына қарасты ғимараттарды күзету бөлімшесінің қызметкері Ерболат Алиакбаровтың қызмет бабында жеткен жетістіктері көп. Сондай-ақ, бос уақытын спортқа арнайтын тәртіп сақшысы ел біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Бүгінде Ерболат өзіне сеніп тапсырылған қызметті де адал атқарып, қоғамның тыныштығын сақтауға бар күшін салып келеді.

«Полицей болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Ұстамды болып, азаматтармен тіл табыса білу және сыпайы болу басты шарт», - деді ол.

Ал, Бексұлтан Ташимов Бәйдібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқаруда. Еңбек жолын жедел уәкіл қызметінен бастаған ол, іскерлігімен көзге түскен. Аға жедел уәкіл, криминалистік полиция бөлімшесінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. 

«Мемлекет бізге білім алуға және дамуға мүмкіндік берді. Сондықтан Отанымыздың дамуы мен игілігіне өз үлесімізді қосу - ең басты мақсатымыз», - дейді, полицей Бексұлтан Ташимов.

Конституция күніне орай Түркістан облысының полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, өңірдегі 180-нен астам полиция қызметкерін арнайы марапатталды.