Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қауіпті жағдай туындаған жердің көпір маңында екені көрінеді.
Ералиев ауылдық округіне қарасты Жетіқазына елдімекені тұсынан өтетін жол облыстық маңызы бар КХ-75 «Мақталы — Асықата» автомобиль жолы.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, елдімекен тұсындағы 31 500 шақырым бөлігінде жол жиегінің опырылып, төмен қарай шөгуі анықталған.
— Аталған жол облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» мекемесінің теңгерімінде тұр. Қазіргі уақытта жолдың меншік иесі тарапынан аталған аумақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жол белгілері орнатылып, тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданған.
Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, жағдай бақылауда.
Бұдан бұрын Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округі аумағында, Келес өзені арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-20 автожолындағы көпір құлағанын жазған едік.