Түркістан облысында қоршаған орта тазалығына нұқсан келтірген 700-ден астам құқық бұзушылық тіркелді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Елімізде табиғатқа жанашырлық таныту,  қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Таза Қазақстан» жобасының аясында Түркістан облысына қарасты аудан, қалалар мен елді мекендерде тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Сонымен қатар Түркістан облысының полицейлері қоршаған ортаның абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланатын орындарды ластау, жасыл екпелерді жою және бүлдіру заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, 2 тәулікте 739 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілік қаралды. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Атап айтқанда, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау бойынша 11 жайт, белгiленбеген орындарда сауда жасаумен 72 дерек тіркелген. Ал ортақ пайдаланатын орындарды ластау оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бабымен 267 дерек анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілді.

«Облыс аумағында Полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтың тапсырмасына сәйкес 8-14 сәуір аралығында «Тазалық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осы ретте полицейлер тәртіпке бағынуға және қандай да бір заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақыра отырып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға кеңес береді», - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.