Түркістан облысында күннің ыстығынан бес учаскеде жолдың бетон жабыны көтерілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында бірнеше күннен бері сақталған аптап ыстық республикалық маңызы бар жолдардың жағдайына әсер етті. Жоғары температура салдарынан өңірдегі бірнеше бағытта цемент-бетон жабынының көтерілу фактілері тіркелді.

Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы

Әлеуметтік желілерде күннің аптап ыстығынан жол жабыны көтеріліп, жарылғаны бейнеленген видеолар тарады. 

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының инженері Нұржан Әшірматтың айтуынша, 16-17 шілде күндері ауа температурасының жоғарылауына байланысты Шымкент-Тараз, Шымкент-Түркістан және Ташкент-Шымкент бағыттарында цемент-бетон жабынының ісініп, көтерілуінің 5 жағдайы тіркелген.

Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы

– Бірнеше күннен бері өңірде күн күрт ысып, ауа температурасы 40 градустан жоғары болып тұр. Соның әсерінен бетон жабынының температурасы 60-70 градусқа дейін көтерілді. Зақымданған учаскелерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» мамандары мен мердігер ұйым «КАЖ-Сервис» қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді, – деді ол.

Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы

Оның айтуынша, синоптиктер болжамына сәйкес, өңірде аптап ыстық әлі де сақталады. Осыған байланысты жол жабынының жарылу қаупі толық сейілген жоқ. Қазір барлық учаскеде тұрақты мониторинг жүргізіліп, арнайы бригадалар жол жабынына түсетін қысымды азайту және жолдың техникалық жай-күйін бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Түркістан облысында аптап ыстықтан жол жабыны көтеріліп кеткенін жазған еді.