Түркістан облысында құрылысына 8,5 млрд теңге жұмсалған жаңа мектеп апатты жағдайда тұр

Фото: Kazinform / Жетісай ауданы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Жетісай ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептің құрылысына 8,5 млрд теңге жұмсалған. Нысанды аяқтау мерзімі бекітілген кестеден кешігіп отыр, қазіргі таңда оның нақты қашан пайдалануға берілетіні белгісіз. 

Жетісай қаласындағы 1 500 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Жоспар бойынша білім беру нысаны 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда құрылыс жұмыстары негізсіз созбалаңға салынған. 

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Бүгінде пайдалануға берілмей жатып-ақ мектеп ғимаратының қабырғалары жарылып, шатырынан су ағып жатыр. Бұған дейін нысанға бірнеше рет зерделеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою тапсырылғанына қарамастан, құрылыс барысында жіберілген ақаулар әлі де жеткілікті. Мердігердің жауапсыздығы мен орындалған жұмыстардың сапасыздығынан қар мен жаңбыр суы жертөлеге жиналып жатыр. Сонымен қатар мектеп ғимаратының айналасында топырақтың шөгуі байқалып, төселген плиталар бүлінген. 

Фото: Kazinform / Жетісай ауданы әкімдігі

Аталған мектепте мердігер тараптың өкілдерімен кездескен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов нысанның қабылдауға мүлде дайын емес екенін айтты.

– Мектептің сапасы талапқа сай емес. Фасадтың отыруы байқалады, абаттандыру бойынша кемшіліктер анықталып жатыр. Қазіргі жағдаймен бұл құрылыс 2027 жылға дейін созылуы мүмкін. Біз нысанды әлі қабылдаған жоқпыз. Барлық кемшілік толық жойылмайынша, нысан пайдалануға берілмейді, - деді ол.

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Бұдан бұрын Түркістанда таңдаулы тұрғын үй кешенінде үйдің едені төмен түсіп, іргесі ажырағанын жазған едік.