Түркістан облысында Құрылтай сайлауының ашықтығын 32 қоғамдық бірлестік бақылайды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында Құрылтай сайлауына дайындық аясында төрт жаңа сайлау учаскесі ашылып, алты учаскенің шекарасы өзгертілді.

Фото: Kazinform

Бүгінде облыста 2 млн 154 мың адам тұрады. Оның ішінде 1 млн 203 мың 437 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұл – өңір халқының 55,8 пайызы.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаевтың айтуынша, өңірде 952 сайлау учаскесі жұмыс істейді, оның 26-сы – жабық учаске.

– Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Түркістан қаласы мен Сауран ауданында №950-953 аралығындағы төрт жаңа сайлау учаскесі ашылып, алты учаскенің шекарасы қайта айқындалды. Өңірде сайлаушылар саны тұрақты өсіп келеді. Биылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 8 253 адамға артты. Дауыс берушілер тізімі 2 тамызда сайлау учаскелеріне жеткізіліп, 7 тамыздан бастап азаматтар өз деректерін тексере алады, – деді Аңсар Жаңабайұлы.

Оның айтуынша, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 32 қоғамдық бірлестік аккредиттелген. Биыл сайлау комиссияларының барлық мүшесін қамтыған 501 оқыту семинары өткізілді. Құрылтай қарсаңында үш деңгейлі жүйе бойынша 6 416 адамды қамтитын оқыту және тестілеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету үшін облыстық «109» бірыңғай Call-орталығы мен сенім телефондары жұмыс істейді. Ресми сайтта «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі қолжетімді.

– Құрылтай күні 557 сайлау учаскесінде азаматтардың тіркелген мекенжайын «электрондық үкімет» порталы арқылы тексеру сервисі іске қосылады. Бұдан бөлек 22 сайлау учаскесінде уақытша шағын халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп, азаматтарды бір күнге уақытша тіркеу қызметін көрсетеді, – деді комиссия төрағасы.

Сонымен қатар облыста ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 3 365 азамат кресло-арбаны пайдаланады, 7 643 азаматтың көру қабілеті, ал 3 865 азаматтың есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар.

Комиссия төрағасының айтуынша, облыстағы 952 сайлау учаскесінің барлығы арнайы нысандар мен қызметтердің қолжетімділік картасына енгізілген. Сайлау учаскелері тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған жасырын дауыс беру кабиналарымен және арнайы жабдықталған бұрыштармен қамтамасыз етілген.

Бұған дейін Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтетіні туралы жазған едік.