Түркістан облысында лай су ішіп отырған тұрғындар таза суға қашан қол жеткізеді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Төлеби ауданының тұрғындары көп жылдан бері лай су ішуге мәжбүр екенін айтып, тағы да дабыл қақты. Әсіресе жаңбырлы күндері Леңгір қаласының бір бөлігі мен Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек ауылдық округтеріндегі елдімекендерде бұл мәселенің өзектілігі арта түседі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Леңгір қаласының тұрғыны Олеся Молчанованың айтуынша, ауызсудың сапасына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Тұрғындар тиісті мекемелерге талай рет шағымданғанымен, «жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген жауаптан әрі аспаған.

– Бұл мәселе 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Жаңбыр жауған сайын су қатты лайланады. Кейде оны ішу түгілі, жуынудың өзінен қорқамыз. Киім жуғанда сарғайып кетеді. Сондықтан суды ұзақ уақыт ағызып, бөтелкелерге құйып тұндырып, сүзгіден өткізіп барып қана пайдаланамыз. Бір айда суға 30 мың теңгеге дейін төлейтін кездеріміз болды, – деді ол.

Тұрғынның сөзінше, бұған дейін үйлерге бұлақтан таза әрі минералдарға бай су берілген. Кейін жаңа су құбыры жүргізіліп, тұрғындар таза су көзінен ажыратылған. Сол кездері су шамамен екі ай бойы тазарып, халық сүзгі немесе тазарту қондырғысы іске қосылды деп үміттенген. Алайда кейін су қайтадан лайлана бастаған.

Леңгірдегі су мәселесі таяуда облыстық қоғамдық кеңестің отырысында да көтерілді. «Отандастар қоры» КеАҚ-ның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша сарапшы өкілі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Бегалы Рысбек су жүйесін жобалау кезінде қателіктер кеткенін айтты.

– Таудың басында отырған халық таза ауызсуға жарымай отыр. Кезінде Леңгір қаласына 7,5 млрд теңгеге су құбырлары ауыстырылып, ауызсу жүйесі жүргізілді. Суды таудағы бұлақ басынан тарту керек еді. Алайда құбырды жарты жолдан арыққа қосып жіберген. Енді оның зардабын халық көріп отыр, – деді ол.

Түйткілді мәселеге қатысты Төлеби ауданының әкімдігі ресми түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, Леңгір қаласындағы 37 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне шамамен 12,2 мың текше метр ауызсу беріледі. Жазғы кезеңде тәуліктік қажеттілік 18,9 мың текше метрге дейін артады. Осыған байланысты жаз айларында су тапшылығы болады.

– Мәселені шешу үшін қосымша су көздерін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Достық елдімекеніндегі екінші су көтеру станциясы аумағында екі жаңа ұңғыма қазылды. Оларды іске қосу нәтижесінде қалаға тәулігіне 5,5 мың текше метрге дейін қосымша су беруге мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта жаңа ұңғымаларға қажетті инженерлік инфрақұрылым – су мұнаралары, электр жабдықтары, қоршау және бейнебақылау жүйелері орнатылып жатыр. Жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталса, Ленгер қаласына тәулігіне шамамен 19,6 мың текше метр ауызсу жеткізуге мүмкіндік болады. Бұл көрсеткіш жазғы кезеңдегі қажеттілікті толық өтеуге жеткілікті, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Сонымен қатар апатты жағдайдағы 3 мың текше метрлік резервуарды қалпына келтіру, ескі су құбырларын тазалау, резервтік су желісін тарту және «Көктерек» су тазарту нысанының қуатын арттыру мәселелері қарастырылып отыр. Бұдан бөлек «Қырықбұлақ» су көзін тиімді пайдалану үшін қосымша су тазарту қондырғысын орнату және қала аумағындағы «Қарабастау» бұлағын іске қосу мүмкіндігі зерделеніп жатыр.

– Алдағы уақытта Алатау ауылдық округі аумағындағы «Ақмешіт» шатқалынан Леңгір қаласына дейін ауызсу магистралін тарту жоспарланған. Алдын ала есеп бойынша, магистральдың ұзындығы шамамен 22 шақырым, жобаның болжамды құны – 4,1 млрд теңге, – делінген аудан әкімдігінің мәліметінде.

Леңгірмен қатар, Төлеби ауданындағы 10-нан астам ауылда жаңбыр жауған сайын ауызсу сапасы нашарлайды.

Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, су мәселесінің созбалаңға түсуіне бірқатар себеп бар. Атап айтқанда, су тарту жоспарланған «Бақырауық» бұлағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан. Осыған байланысты су көзін пайдалану үшін халықаралық ұйымдар мен министрліктерден арнайы рұқсат алу бірнеше жылға созылған.

– Енді рұқсат алынған соң Балдыберекте су тазарту қондырғысын орнатуға биыл бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Жалпы жобаның құны – 1,7 млрд теңге. Жоспарланған жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін аяқталса, 15-ке жуық елдімекен сапалы ауызсумен қамтылады, – деп мәлімдеді ведомство.

Бұған дейін Түркістан облысында тұрғындар лай су ішіп отырғанына шағымданғанын жазған едік.