Түркістан облысында мал жаю қағидаларын бұзған 75 адам жауапқа тартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өтіп жатыр.
Рейдтік жұмыстар барысында иесіз мал жаюдың 48 фактісі анықталып, 579 бас үй жануары қораларға қамалды. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 75 адам жауапқа тартылса, мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған 39 адамға әкімшілік хаттамалар түзілді.
Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері, ветеринарлық инспекциямен және әкімдікпен бірлесіп Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында 6 мал сою орнын тексерді. Нәтижесінде ветеринария саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 30-дан астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазығұрт ауданында мал ұрлығына қатысы бар екі күдікті ұсталып, олардан ұрланған малдар тәркіленді. Сондай-ақ іздеу шаралары барысында, мал иелеріне жалпы 55 бас төрт түлік қайтарылды. Оның ішінде 22 жылқы мен 33 бас ұсақ мал бар.
- Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және малды заңсыз тасымалдау, сондай-ақ базарлар мен ет өнімдерін сату пункттерінде тиісті құжаттардың бар-жоғын тексеру бойынша іс-шараларды жалғастыруда, - делінген ведомства ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда адамдардың улану фактісіне қатысты тергеу басталғанын жазған болатынбыз.