Талқылауға Facebook-тегі жазба себеп болды. Оның авторы Түркістан облысындағы 16 медициналық ұйымның АҚШ-та бір апта оқыту қызметін көрсету үшін Skills Development Group жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасасқанын мәлімдеген. Әр мекеме үшін оқу бағдарламасының құны 7,3 млн теңге болған. Жарияланған мәліметке қарағанда, келісімшарттардың жалпы сомасы 116,8 млн теңгеге жеткен.
Жазбада Skills Development Group жеке кәсіпкерлігі 2026 жылғы 14 қазанда Алматыда тіркелгені айтылған. Сол күні мемлекеттік сатып алу порталында өңірдегі емханалардың бірімен жасалған алғашқы келісімшарт жобасы жарияланған.
Жазба авторы оқу бағдарламасының толық көрсетілмегеніне назар аударған. Оның мәліметінше, келісімшарт қосымшаларында Нью-Йоркте 40 сағат білім алу және үш жұлдызды қонақүйге орналастыру қарастырылған. Қызметтер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін көрсетілуге тиіс.
Тапсырыс берушілер қатарында облыстық клиникалық аурухана, аудандық және қалалық ауруханалар, емханалар, диспансерлер мен басқа да медициналық мекемелер бар. Жазба авторы шетелде оқыту құнының негізділігіне және қызмет көрсетушіні таңдау тәртібіне де күмән келтірген.
Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі медициналық ұйым басшыларының АҚШ-та білігін арттыруына қатысты пікір білдірді.
— Бұл оқытуды басқарма ұйымдастырған жоқ. Медициналық ұйымдардың басшылары оқу орындарын өздері таңдап, өз қалауы бойынша тиісті оқу келісімшарттарын жасасқан, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Облыстық басқарма жоспарланған оқуға қатысты құжаттарды заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сұратқан.
— Басқарма Америка Құрама Штаттарында жоспарланған оқуға қатысты барлық құжатты жан-жақты зерделеп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сұратты, — делінген ресми жауапта.
Ведомство заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын, тіпті оқуды тоқтату мәселесі де қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 103 млн теңге субсидияны жымқыру ісі сотқа жолданғанын хабарлаған едік.