Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген адам бола отырып, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, міндетті тестілеу және аттестаттау комиссиясынан өтпеген мұғалімдерге біліктілік санаттарын заңсыз берген, сондай-ақ мұғалімнен пара алған.
— Сотталғанның әрекеті 12 мұғалімге бюджеттен жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам жалақыны негізсіз төлеуге әкеп соққан. Бірінші сот қарауы кезінде сотталған адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегендіктен, ақталған, — деп хабарлады құзырлы органнан.
Бас прокуратураның кассациялық тәртіппен енгізген наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылды, іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберілді.
— Істі жаңадан қарау кезінде сот айыпталушыны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында 33 адамды алдаған жер кадастры бөлімінің маманы сотталды.