Түркістан облысында мемқызметшілерді декларациясыз жұмысқа алған әкімдер айыппұл төлейтін болды

Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлерді декларациясыз жұмысқа қабылдаған әкімдер мен басқарма басшылары айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Түркістан облысында cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген мониторинг барысында 7 мемлекеттік органның басшылары жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу фактілеріне жол бергені анықталды.

Нәтижесінде аудан әкіміне, облыстық басқарма басшысына, 2 ауыл әкімі мен 3 бөлім басшысына жалпы 1,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Олар мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа заңмен талап етілетін декларациясыз қабылдаған.

«Мемлекеттік қызметке кірген кезде қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыру мақсатында декларация тапсыру міндетті. Заң бұзған жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабына сәйкес өз кінәсін мойындап, санкцияда көрсетілген айыппұлды 50% мөлшерінде төлеуге келісті» делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.