Түркістан облысында монополистерге 149 млн теңге айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне қатысты 73 әкімшілік іс қозғалды.

Фото: Kazinform

Жыл басынан бері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті 8 субъектіні жоспардан тыс тексерді. Нәтижесінде 3 субъектінің заңнама талаптарын бұзғаны анықталып, әкімшілік іс қозғалды.

Атап айтқанда, «OtebayGaz Aimaq» ЖШС-не қатысты тексеру барысында тауарлық газды бөлшек саудада өткізу кезінде шекті бағаны департаментпен келісілгенге дейін қолданғаны анықталды. Нәтижесінде компанияның 54 млн теңгеден астам негізсіз кіріс алғаны белгілі болды.

— Компанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар Сарыағаш аудандық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды. Сонымен қатар, тұтынушылардан негізсіз алынған 54 143 642,18 теңгені қайтару туралы нұсқама берілді. Компания нұсқамаға шағым түсіргенімен, сот талапты қанағаттандырмаған. Қазіргі уақытта кәсіпорын апелляциялық шағым берген, — деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Көкенов.

Бұдан бөлек, «Кентау Сервис» МКК-ға қатысты тексеру барысында тұтынушыға бекітілген тарифті дұрыс қолданбау фактісі анықталды. Сот шешімімен кәсіпорынға 2 млн 900 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ тұтынушыға 43 мың теңгеден астам қайта есептеу жүргізілді.

Ал «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не қатысты тексеру барысында сатып алу жүйесін жүргізу талаптарының бұзылғаны анықталып, 3 млн 400 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Жалпы, жыл басынан бері табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне қатысты 73 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Оның 9-ы сотта қаралып, 9,86 млн теңге айыппұл салынған, тағы 2 іс қаралып жатыр.

— Сонымен қатар департамент қараған 73 әкімшілік іс бойынша жалпы 149 357 322 теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 55 954 628 теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілді, — деді Нұрбол Көкенов.

Бұған дейін кәсіпкерлерге кедергі келтірген 30 монополист жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.