Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың саны артып, 103 мыңға жуықтаған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде республикада 700 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат болса, соның 103 мыңға жуығы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Бұл – облыс халқының 4,6 пайызы және елдегі мүгедектігі бар адамдардың 14%-ы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде мүгедектігі бар азаматтардың 86 944-і (85%) – ересектер, ал 15 457-сі (15%) – балалар. Оның ішінде бірінші топтағы азаматтар саны – 9 684 (10,6%), екінші топта – 36 558 (35,7%), үшінші топта – 40 702 адам (39,8%).
Статистикаға сәйкес, өңірде мүгедектігі бар азаматтар саны артып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2 076 адамға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 2 375 адамға көбейген.
Ведомство мәліметінше, Түркістан облысында 102 901 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 64 384-і – еңбекке қабілетті жаста.
– «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2025 жылы 6 538 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл қорытындысымен 4 689 адамға тиісті жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Ал биыл 6 600 адамды жұмыспен қамту межесі белгіленіп, жыл басынан бері 118 азамат қамтылды, - делінген тиісті басқарманың ұсынған ақпаратында.
Сондай-ақ биыл өңірде 65 994 мүгедектігі бар адамды әлеуметтік оңалту шараларымен қамту үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 13,5 млрд теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтерді қаржыландыруға 2026-2028 жылдарға жалпы 44,3 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат биылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі.
Осыған байланысты бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету үшін тиісті мониторинг жүргізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыста басқармаға қарасты 12 мекеме мүгедектігі бар азаматтарға түрлі қызметтер көрсетеді.
Бұдан бұрын Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін 34 мың нысанға аудит жүргізілгенін жазған едік.