Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың 260 дерегі анықталған. Нәтижесінде сот шешімімен 15 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
– Облыс көлемінде Өзбекстанмен шектесетін 6 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пункті жұмыс істейді. Биыл 24,7 тонна бензин мен 35,3 тонна дизель отыны тәркіленді. Көлік құралдарының салмақтық және көлемдік талаптарын бұзудың 3 769 фактісі тіркеліп, 159 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді, – деді департаменттің Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы Айдос Қадірбердиев.
Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының ақпаратына сәйкес, 24 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы – 225 теңге, АИ-95 – 295 теңге, ал дизель отынының орташа бағасы – 333 теңге.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталғанын жазған едік.