Түркістан облысында полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірін қасақана бүркемелеп, жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартты.
Тәртіп сақшылары республикалық маңызы бар Шымкент — Самара автожолында жылдамдық пен уақытты өлшейтін бейнебақылау жүйесінен келіп түскен бағыттама негізінде Түркістан қаласына бағыт алған Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан.
— Тексеру барысында көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне арнайы қолдан ашылып-жабылатын тетік орнатылғаны анықталды. Жүргізуші бұл құрылғымен нөмірді қажет кезінде жасырып, бейнебақылау камераларына түспеу және жауапкершіліктен жалтару мақсатында пайдаланған, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Құқық бұзушылық дерегі бойынша автокөлік айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Бұған дейін Түркістан облысында бір тәулікте нөмірсіз жүрген 50-ге жуық көлік анықталғаны туралы жазған едік.