Түркістан облысында өзен тасып, 29 адам эвакуацияланды

Фото: видеодан алынған кадр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жауын-шашын салдарынан өзен суының деңгейі көтеріліп, құтқару жұмыстары жүргізілді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін Сауран ауданы Абай ауылында Жаңақорған өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты демалыс орындарының біріне апаратын топырақ жолды су шайып кеткен. Салдарынан азаматтар қауіпсіз аймаққа өз бетімен шыға алмай қалған.

– Оқиға орнына жедел түрде ТЖМ құтқарушылары жұмылдырылды. Қиын жағдай мен күшті ағысқа қарамастан, құтқарушылар қираған жол учаскесінде өткел ұйымдастырып, қауіп аймағында қалған адамдарды эвакуациялады. Құтқару жұмыстары нәтижесінде 29 адам, оның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Барлығы Түркістан қаласына жеткізілді, – делінген хабарламада.

Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған.

Бұдан бұрын Кентау қаласында жаңбырдан кейін көшелерді су басқанын жазған едік.