Түркістан облысында полиция 12 мыңнан астам трамадол таблеткасын тәркіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрамында есірткі заты бар трамадол дәрілік препаратын сақтау мен тасымалдау дерегіне қатысты күдікті екі адамды анықтап, ұстады.
Polisia.kz мәліметінше полицейлер Түлкібас ауданының Алматы-Шымкент тасжолында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары отырған Lada автокөлігін тоқтатқан.
Полиция қызметкерлері аталған көліктің жүксалғышын тексергенде трамадолдың 12 мыңнан астам таблеткасын тауып, тәркіледі.
Қазіргі уақытта бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.
Айта кетелік сенатор есірткілік заттар бойынша медициналық куәландыру жүйесін жетілдіруді ұсынған еді.