Түркістан облысында препараттар рецептсіз сатылған
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Сарыағаштағы дәріханалардың бірінде «Мидакс» және «Алис» препараттарының рецептсіз сатылғаны туралы бейнежазба тараған еді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі желіде тараған бейнематериалға байланысты тексеріс бастап, шара қабылдайтынын мәлімдеді.
Аталған дәрілердің үйлесімі есірткі заты ретінде қолданылып, тәуелділікке әкеледі, ағзаға зиян тигізіп, психоз бен улануға, тіпті өлімге соқтыруы мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полициясында ТОО Azat Pharm-ға қатысты іс қозғалды. 2022–2025 жылдар аралығында бұл дәріханаға бірнеше рет әкімшілік іс қозғалған. Қайталанған заңбұзушылық үшін материалдар сотқа жіберіліп, лицензиясын тоқтату мәселесі қаралуда.
Заңнамаға сәйкес, «Мидакс» пен «Алис» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №120 бұйрығымен өмір мен денсаулыққа қауіпті күшті әсер ететін заттар тізіміне енгізілген. Оларды тек дәрігердің рецептімен ғана беруге болады.
ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабына сәйкес, мұндай препараттарды заңсыз сату әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал 2026 жылдан бастап күшті әсер ететін дәрілердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Айта кетейік, 2027 жылға дейін 6500-ден астам МСАК мамандары біліктілігін арттырады.