Түркістан облысында Президент тапсырмалары қалай орындалады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департамент жетекшілері қатысты.
Мәжілісте Мемлекет басшысы айқындаған 7 негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту мәселелері жан-жақты қаралды.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі әрі нәтижелі орындауға тиіспіз. Өңірге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді, барлық салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуді жандандыруды, энергетика тапшылығын жою мақсатында нақты жобаларды жүзеге асыруды, салық-бюджет саясатын реттеуді тапсырамын. Елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, әлеуметтік саладағы заңсыздықтарды реттеу бойынша кешенді шара қабылдау қажет. Президент тапсырмаларын мерзімінде орындау үшін арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу керек. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – негізгі басымдықтарымыз болып қала береді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қайпов баяндама жасады. Олар өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларды ұсынды.
Инфляцияны төмендету бағытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету тетіктері қаралды.
Жаңа Салық кодексін енгізу аясында фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, бюджетті ретке келтіру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру міндеттері айқындалды. 2026 жылы жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланып отыр. Бұл межеге экономикалық белсенділікті арттыру және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру арқылы қол жеткізу көзделген.
Цифрлық мемлекет құру бағытында барлық салаларды цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және ашықтықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Инвестициялық саясат бойынша 2025 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жоспар 121,6 пайызға орындалған. Ал 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Инвестиция тарту аудан және қала әкімдерінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала беретіні ескертілді.
Өнеркәсіп саласында 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыз өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47,5 пайызды құрайды. Импортты алмастыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларды іске асыруға басымдық берілмек. Аграрлық әлеуетті тиімді пайдалану және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назарда.
Өңірде 215 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және цифрлық құралдарды енгізу арқылы бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету міндеттері белгіленді.
Көлік логистикасын дамыту бағытында халықаралық транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдалану, сервистік және қойма инфрақұрылымын дамыту, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін мерзімінде аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан әуежайын бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды.
Энергетика саласында облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВт болса, оның 75 пайызы сыртқы көздерден жеткізіледі. Жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету өңірдің тұрақты дамуының басты шарты ретінде белгіленді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Президент тапсырмаларын орындау әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.