Түркістан облысында референдум күні 16 мыңнан аса мүгедектігі бар адам дауыс беруге құқылы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында мүгедектігі бар 103 мыңға жуық адам тұрады. Олардың 16 мыңнан астамы дауыс беру құқығына ие. 

Фото: Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясы

Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, республикалық референдумға қатысу үшін мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған.

— Облыста дауыс беру құқығына ие мүгедектігі бар адамдардың саны — 16 601. Оның ішінде 4 мың адам кресло-арбаларды пайдаланады. Зағип және нашар көретіндер — 8171, ал есту қабілеті төмен жандар — 4430. Өңірдегі барлық 948 референдум учаскесі толығымен «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген, — деп хабарлады облыстық аумақтық референдум комиссиясы.

Жалпы өңірде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында қажетті шаралар қабылданған.

— Барлық учаскелерде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған азаматтардың, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланушылардың қолжетімділігі ескеріліп, жасырын дауыс беруге арналған кабиналар және мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар қарастырылған, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ облыста референдум учаскелерінде қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдайларға мониторинг жүргізіліп жатыр.

Бұдан бұрын Түркістан облысында 1,2 млн-ға жуық азамат референдумда дауыс бере алатынын жазған едік.