25 қазан күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қала орталықтарында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, «Жанашыр жүрек» акциясы аясында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады. Мереке күні аудан-қалаларда 17 әлеуметтік маңызды нысан ашылады. Олардың қатарында Жетісай ауданында футбол алаңшасы, Сарыағаш ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Шардара ауданындағы мәдениет үйі секілді нысандар бар.
«Республика күні ұлттық мереке ретінде өткен жылы алғаш рет аталып өтті. Дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Ендеше бұл атаулы күнді елеулі етіп өткізу маңызды. Осыған орай, Түркістан облысында Республика мерекесі қарсаңында арнайы жоспар бекітілді. Жоспар бойынша 70-ке жуық іс-шара өтеді», - деді Ерлан Бақытжанұлы.
Брифингке қатысқан Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мереке қарсаңында өңірде өтетін мәдени іс-шараларға тоқталды.
«25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы тарапынан бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, Халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалі басталды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 21-22 қазан күндері сағат 19:00-де Түркістан музыкалық драма театрында кезекті III маусымның ашылуы өтеді. Облыстағы барлық музейде 20-24 қазан аралығында түрлі тақырыпта көрме, лекциялар секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал 24 қазан күні «Конгресс Холл» кешенінде сағат 15:00-де 25 қазан – Республика күніне арналған облыстық мерекелік шара өтеді», - деді Әзімхан Қойлыбаев.