Түркістанда сапасыз асфальт төсеген мердігерге 7,3 млн теңге айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жол салуда салғырттыққа жол беріп, сапасыз жұмыс атқарған сала мамандарына 7,3 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ директоры Ғалымжан Өтенбаев мәлімдеді.

Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

Биыл облыстық әкімдіктің тапсырысымен салынып жатқан жолдардан 1731 сынама алынған. Соның 1000 астамы  талапқа сәйкес келмеген. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 млн теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 м² асфальт жабыны қайта төселіп шықты.

Жыл қорытындысымен Түркістан облысында 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қазіргі таңда, 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе, қалған 9 нысанда жұмыстар жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысында көктемде жөнделген жол ойылып қалғанын жазған болатынбыз.