Түркістан облысында серіктестік тұтынушылардан 54 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықты анықтады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 4 табиғи монополия субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның біреуінде заң бұзу фактісі тіркелген.

– Тексеру нәтижесінде «Өтебайгаз Аймақ» ЖШС-нің 54,1 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз жолмен кіріс ретінде алғаны белгілі болды. Осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Департамент тарапынан серіктестікке заң бұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, тұтынушылардан негізсіз алынған қаражатты тарифті төмендету арқылы қайтару талап етілді, – деді департамент басшысы Ақтілеу Бекмұратов.

Спикердің айтуынша, биыл табиғи монополия және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне қатысты 16 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 3 іс сотта қаралып, 7,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал 10 іс департамент тарапынан қаралып, 2 млн теңгеден астам айыппұл белгіленді. Қалған 3 іс сотта қаралып жатыр.

Сонымен қатар тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмей, нақты төмендету жұмыстары жүргізілген. Мәселен, «Жылу» МКК бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тариф 4 956,47 теңгеден 3 834,55 теңге/Гкал дейін немесе 22,6%-ға төмендетілді. Нәтижесінде 154 млн теңге көлемінде негізсіз кіріс анықталды. Ал «Түркістан Су» кәсіпорны бойынша 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тариф 89,46 теңгеден 88,31 теңге/м³ дейін немесе 1,3%-ға төмендетіліп, 10 млн теңге көлемінде негізсіз кіріс тіркелді.

Бұдан бөлек, өткен жылдың желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде заң бұзу анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған.

– Филиал бұл шешіммен келіспей, іс сотқа жолданды. Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты филиалды кінәлі деп танып, 6 291 200 теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда апелляциялық шағым қаралғанымен, сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды, – деді департамент басшысы.

Бұдан бұрын Түркістанда 13 кәріздік тазалау қондырғысының 9-ы экологиялық қауіп төндіріп тұрғанын жазған едік.