Түркістан облысында шаруалар мақта жинауға кірісті

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр. «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасқан барлық шаруа қожалықтары суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етілді. Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы диқандар мақта жинауға кірісті.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаруалар суды бекітілген кестеге сәйкес әрі толық көлемде жеткізіп бергені үшін «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалына алғыс білдірді.

-Биыл 10 гектар жерге мақта ектік. Өткен жылмен салыстырғанда су жағдайы әлдеқайда жақсарды. Су кестеге сай, жеткілікті көлемде келіп жатыр. Ешқандай мәселе болған жоқ. Бұрын шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындайтын, қазір бұл мәселе шешімін тапты. «Қазсушарға» үлкен рақмет, – деді «Арынбек ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұрмахамбет Арынбек.

-4,5 гектар жерге мақта өсіреміз. Егістікті екі рет суардық. Суды кестеге сай алдық. Каналдардың бетонмен қапталуының арқасында су ысырабы азайды. Енді су шалғайдағы учаскелерге де уақытылы жетеді, – деді шаруа Исмаил Атиллов.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы жергілікті шаруа қожалықтарымен 277,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суаруға су беру бойынша 12 409 келісімшарт жасасты. Оның ішінде 3 500 гектарға күріш, 104,8 мың гектарға мақта егілген.

Түркістан облысы бойынша 2026 жылғы вегетация кезеңіне арналған су алу лимиті 3,3 млрд текше метр. Бүгінгі таңда 3,2 млрд текше метр су алынып, 270,8 мың гектар егіс алқабы суарылды.

Жетісай ауданы бойынша су алу лимиті 663 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда оның 585 млн текше метрі пайдаланылды.

Биылғы вегетация кезеңінде аудан диқандары 53,6 мың гектар жерге мақта екті. Жергілікті фермерлермен суармалы су беру бойынша 2 567 келісімшарт жасалды.

Осыған дейін Түркістанда мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылғаны туралы жаздық.