Қарасу ауылында орналасқан кооператив 2000 жылы тіркелген. Негізгі бағыты — егіншілік. Жер көлемі — 1 мың гектар шамасында.
Шаруалар 2025 жылғы 12 қарашада кооперативтің жалпы жиналысы заң талаптарын бұза отырып өткізіліп, оның салдарынан жалған хаттама жасалғанын алға тартады. Соның негізінде кооператив төрағасы ретінде Насирулла Сулейманов тіркелген. Аталған хаттамаға сәйкес, кооперативтен 147 мүше шығарылып, орнына 222 адам енгізілген. Шағымданушылардың сөзінше, олардың арасында кооператив қызметіне қатысы жоқ, тіпті өздерінің мүше ретінде тіркелгенінен хабарсыз азаматтар да болған.
Кооперативтің бұрынғы төрағасы Ерғали Сүгіралиевтің талап арызы бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2026 жылғы 3 сәуірде «Мәртөбе Агрофирмасы» өндірістік кооперативі мүшелерінің 2025 жылғы 12 қарашадағы жалпы жиналысының хаттамалық шешімін жарамсыз деп таныған.
— Біз күннің ыстығында егін егіп, өнім жинап, кооператив мүшелеріне пай үлестерін таратып келген қарапайым еңбек адамымыз. Кооперативтің мүлкіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалып, жер үлестерімізден айырылып қалу қаупі туындап отыр. Енді ондаған жыл еңбек еткен адамдардың құқығы тапталмауы керек, — деді Ерғали Сүгіралиев.
Сайрам ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы 3 шілдеде Насирулла Сүлеймановқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Әкімдік кооперативтің ішкі қызметіне қатысты өз құзыреті шектеулі екенін атап өтті. Сонымен қатар кооперативке тиесілі Ақсукент ауылдық округіндегі 5,77 гектар жер учаскесінің пайдаланылуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғам белсенділері аталған аумақта мал қалдықтарын өңдейтін цех салынғанын және мал өлекселерін тастайтын шұңқыр қазылғанын әлеуметтік желіде жариялаған.
— Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі жүргізген зерделеу барысында топырақтың құнарлы қабатының бұзылғаны, құрылыс нысандарының салынғаны және жердің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмағаны анықталды. Қазіргі уақытта жер учаскесіне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, — деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Түркістан облысында биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 47,6 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.