Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниямен кездесті.
Тараптар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат, Жерасты суы департаментінің директоры Жайық Ерікұлы, Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов және Ғылым және инновация департаментінің директоры Марат Иманалиев баяндады.
Жапония Үкіметінің гранттық қаражаты есебінен Қазақстандағы бөгеттерді кешенді басқару арқылы су тасқынына қарсы іс-шараларды жетілдіруге бағытталған жоба іске асырылып жатыр. Жоба аясында бөгеттерде ерте ескерту пилоттық жүйесін енгізу, деректерді Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне біріктіру және гидротехникалық нысандардың цифрлық деректер базасын қалыптастыру көзделген.
Қазіргі кезеңде ерте ескерту жүйесінің құрылымы әзірленіп, цифрлық деректер базасы құрылды. Сондай-ақ пилоттық су қоймалары бойынша гидродинамикалық модельдер дайындалып, су басу аймақтарын сценарийлік модельдеу жүргізілді. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарындағы суармалы алқаптар мен каналдарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба су пайдалану есебін жетілдіруге және процестерді цифрландыруға бағытталған. Бүгінгі таңда осы өңірлердегі ауыл шаруашылығы алқаптарының 100%-ы және суару каналдарының 50%-ы цифрландырылып, топырақ ылғалдылығының карталары әзірленді.
Бұдан бөлек, «Су жеткізу қызметтері» модулі бар су тұтынуды ерте болжау жүйесі әзірленді. Бұл жүйе арқылы суару суын жеткізуге өтініш беруге, су лимиттерін бөлуге және электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы шарттар жасауға болады.
«Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында «Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеологиялық қызметінің өңірлік филиалдарын заманауи техникамен, жабдықтармен және зерттеу құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында жерасты суын анықтайтын детектор, жылжымалы зертхана, бұрғылау қондырғысы және басқа да құрал-жабдықтар бар.
Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын жаңа техникамен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 66 жабдық сатып алу жоспарланған.
БҰҰ Даму бағдарламасы, министрлік және Еуразиялық даму банкі арасындағы үшжақты келісім аясында Түркістан облысында шаруаларға арналған өңірлік оқу орталығын құру жобасы іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру.
Қазіргі уақытта оқу орталығындағы оқыту мен практикалық сабақтардың форматы талқыланып жатыр. Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасы «Қазақстандағы тұрақты ирригация саласындағы кәсіпкерлік экожүйесін дамыту» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық бірлескен бастаманы мүмкіндігінше жедел әрі сапалы іске асыру тетіктерін әзірлеуге келісті.
– БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде гранттық қаражат түрінде қомақты қаржы тартылды. Бүгінде біз әзірленген жоспарлардың барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Министрлік әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бүгінгі кездесу атқарылып жатқан жұмыстардың аралық қорытындыларын шығаруға, пікір алмасуға және әрбір бірлескен бастама бойынша алдағы жұмыстың бағытын айқындауға мүмкіндік берді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленгенін жазған едік.