Түркістан облысында шегіртке мен шіркейге қарсы өңірлік жоспар әзірлене ме — Бектенов жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының Түркістан облысында шегіртке ме шіркейлермен күрестің өңірлік жоспарын әзірлеу ұсынысына жауап берді.
— Көкқасқа шегірткеге қарсы іс-шаралар жүргізуге келсек, биыл елімізде көкқасқа шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу көлемі 2,1 млн гектарды құрайды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді, 440 бірліктен астам бүрку техникасы жұмылдырылды. Түркістан облысында іс-шаралар аяқталды, 371,8 мың гектар өңделді. Бұл жоспарланған көлемнің 193,6 пайызын құрайды. Бекітілген жоспарға сәйкес барлық әкімдіктер дезинсекциялық жұмыстарды, соның ішінде авиациялық және жерүсті өңдеуді ранецтік бүріккіштерді қолдана отырып жүргізеді. Барлық қажетті химиялық және биологиялық препараттар қолжетімді, сондықтан шіркейлермен күресудің бөлек өңірлік жоспарын жасау қажет емес, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңға сәйкес, үйірлі және саяқ шегіртке тектес зиянкестерден қорғау бойынша барлық іс-шаралар бюджеттен қаржыландырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге аса қауіпті зиянкестермен күресу үшін пайдаланылатын пестицидтер құнының 50 пайызына дейін субсидиялар беріледі.
— Фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Шегірткеге қарсы мониторинг және оған қарсы күрес жөніндегі функциялар мен бюджеттерді республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру көзделеді, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары зиянкестермен күрес бойынша кешенді өңірлік бағдарлама әзірлеуді, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, шегіртке мен шіркейге қарсы күреске арналған арнайы өңірлік жоспар қабылдауды ұсынған еді.