Түркістан облысында Сырдария өзенін дәрілеу жұмыстары басталды

Фото: Фото: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында облыс аумағындағы 352 шақырымды құрайтын Сырдария өзені 6 аймаққа бөлініп дәріленбек.

Шіркейлердің дернәсілдерімен күресу үшін дәрілерді суға жіберу әдісі, ал су қорғау және далалық аймақтарда химиялық өңдеу әдісі қолданылады. Сондай-ақ, дезинсекция жұмыстарының өңдеу алаңы, дәрінің көлемі - ғылыми сүйемелдеудің қорытындысына сәйкес жүргізіледі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, дәрілік заттың төрт түлік малға, балық пен өзге тіршілік иелеріне еш қауіпі жоқ. 

«Биыл 8 ақпаннан бастап ғылыми сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген болатын. Аталған бағыттағы жұмыстарға 42 техника мен 96 жұмысшы күші жұмылдырылды. Қазіргі таңда облыста шіркейлерге қарсы дәрілеу жұмыстарын мердігер «Satti Tulik» ЖШС-і жүргізуде. Дезинсекция жұмыстарына әуе ұшағы, арнайы көліктер мен мамандар тартылған», - делінген Түркістан өңірлік коммуникация қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында шіркеймен күрес ерте басталды. Өткен жылы сәуір айында қолға алынған дезинсекция жұмыстары биыл наурыздан бастап жүргізіле бастады. 

Ал, ғалым Қаршыға Көшкимбаев «Көксарай» су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтыла алмаймыз» - деген пікір айтты.