Түркістан облысында соңғы екі айда газдан уланып 6 адам қаза тапты

Фото: Pexels

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жыл басынан бері 37 өрт оқиғасы тіркелді. Мемлекеттік өрт бақылау саласында 51 708 нысан есепке алынған.

Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Сауран Досанұлының айтуынша, өрт салдарынан қаза тапқандар мен жарақаттанғандар жоқ. Ал материалдық шығын көлемі 160 млн 760 мың теңге болған.

– Облыста тіркелген өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үйлер мен автокөлікте болған. Жыл басынан бері газдан уланудың 3 дерегі тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды. Мемлекеттік өрт бақылау саласында 51 708 нысан есепке алынған. Биыл осы нысандарда 31 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 105 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып, оның 91-іне ескерту берілді, 32 тұлғаға айыппұл салынды. Облыс аумағында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың 34 197 тұрғын үй тіркелген. Оның ішінде 6 288 үйге табиғи газдың ақауын анықтайтын құрылғы, 2 057 үйге түтіндік өрт хабарлағыштары орнатылған, – деді спикер баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар департаменттің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Тамерлан Нұрланов өңірде су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Облыс аумағындағы су қоймаларының толу деңгейі орта есеппен 71 пайызға жетті. Өзендердегі су деңгейі қалыпты межеден төмен. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 1 064 жеке құрам, 124 техника, 11 жүзу құралы, 92 су сорғыш және 44 эвакуациялық техника дайындыққа келтірілді. Сондай-ақ 45 мың қап пен 5 920 тонна инертті материал әзірленді. Төтенше жағдай қаупі туындаған жағдайда ыстық тамақ пен тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлермен 109 меморандум жасалып, 432 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды, – деді Т.Нұрланов.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Түркістан облысында өзен тасып, 29 адам эвакуацияланғанын жазған едік.