Түркістан облысында су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді

Түркістан облысында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтілді. Бұл мәселе бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Kazinform

Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешовтің айтуынша, өткен жылы тасқын су басқан Сауран ауданындағы 5 елді мекенде 4,6 шақырым қашыртқы қазылып, 2 жерге құбырлар орнатылған. Бәйдібек ауданында 3 шақырым қашыртқы арна қазылып, Шақпақ елді мекенінде тасқын суды бұратын 3 дана тоспа қойылды.

Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде 1 шақырым арық, 1,3 шақырым Ырмақ өзені, 800 метр ішкі каналдардың арнасы қоқыстан тазартылды. Ордабасы ауданында 21,8 шақырым қашыртқы арналар тазартылып, 11,1 шақырым каналардар механикалық тазартудан өткізіліп отыр. Сонымен қатар Түркістан, Арыс қаласы мен Сайрам, Ордабасы, Мақтарал, Сауран, Төлеби, Сарыағаш аудандарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқынды жүріп жатыр. 

«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес қараша айында облыстың солтүстік және оңтүстік аумағында жауын-шашынның түсуі нормадан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жоспарланған іс-шаралар қайта пысықталып, тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізілмек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейте түсуді, тапсырмаларды уақтылы орындауды тапсырды. 

«Былтыр ұйымдастырылған жедел әрекеттер нәтижесінде көптеген елді мекенде су басу қаупінің алдын ала білдік. Бірақ кейбір аудандарда кемшіліктер байқалды. Биыл олқылыққа мүлдем жол берілмей, жағдай былтырғыдан жақсы болуы тиіс. Су басу қаупі бар арықтар мен каналдар түгел тазартылып, ауылдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілсін. Су тасқынының алдын алу бойынша 24 іс-шара түгел орындалуы керек. Аудан, қала әкімдеріне үш апта уақыт беремін. Мәселені түбегейлі шешіп, қауіпсіздікті нығайтыңыздар. Әкімдіктер, Төтенше жағдай департаменті, «Тұран су» мекемесі жұмысты бірлесе атқарғаны жөн», – деді Дархан Сатыбалды.