Түркістан облысында Сұлтан, Омар, Осман есімді үшем дүниеге келді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында үшем өмірге келді. Сәбилердің жағдайы тұрақталып, үйіне шығарылды.

Фото: Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы

№ 1 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен неонатологтары шала туған нәрестелерге қарқынды терапия және арнайы күтім көрсетті. Нәтижесінде үш сәбидің де жағдайы тұрақталып, салмақ қосу көрсеткіштері жақсарған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Динара Маметова 33 апталық жүктілік кезінде үшем босанған.

Нәрестелердің бірі — Ошақбай Сұлтан Ғабитұлы 2026 жылғы 9 қыркүйекте 2145 грамм салмақпен дүниеге келген. Сәбиге «шала туу, респираторлық дистресс-синдром» диагнозы қойылған. Ол орталықта 13 тәулік ем алып, 21 қыркүйекте 2155 грамм салмақпен қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.

Екінші сәби — Ошақбай Омар Ғабитұлы 2240 грамм салмақпен дүниеге келіп, емдеу ұйымынан 2260 грамм салмақпен шыққан. Үшінші сәби — Ошақбай Осман Ғабитұлының туған кездегі салмағы 2030 грамм болса, шығарылған кезде 2050 граммға жеткен.

Перинаталдық орталықтың басшысы Салтанат Усадуллаеваның айтуынша, шала туған үшемдердің жағдайын тұрақтандыру медицина мамандары үшін үлкен жауапкершілікті талап еткен.

— Үшемдердің дүниеге келуі — біздің орталық үшін үлкен жауапкершілік әрі қуаныш. Әсіресе 33 апталық мерзімде және респираторлық дистресс-синдром диагнозымен туған сәбилерді аман-есен алып шығу — неонатологтар мен реанимация бөлімі мамандарының жоғары біліктілігінің дәлелі. Сәбилердің салмақ қосу динамикасы жақсы. Ошақбай әулетін жаңа мүшелерімен құттықтаймыз, — деді орталық басшысы.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилердің алдағы физиологиялық дамуы тұрғылықты жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы мен учаскелік педиатрлардың бақылауында болады.

Бұған дейін Алматыда жыл басынан бері 6 үшем дүниеге келгенін хабарлаған едік.