Түркістан облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде арақ сатпайтын елдімекендердің қатары артып келеді.
Сарыағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында 1500-ге жуық халық тұрады.
Учаскелік полиция инспекторы Мұрат Төлегеновтың айтуынша, екі жыл ішінде елдімекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
- Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырамыз. Халықта бізді қолдап отыр. Әрдайым көмек беріп отырады, - дейді Мұрат Төлегенов.
Жақында елдімекен «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енген. Бұл бастамаға жергілікті тұрғындар, ақсақалдар мен белсенділер бірауыздан қолдау білдірген. Сондай-ақ, ауылдағы дүкен иелері де бірден ішімдік сатпайтын болған.
- Ішімдік біздің балаларымызға да, болашағымызға да үлкен зиян. Сондықтан ішімдік сатпаймыз, - дейді дүкен иесі Мастура Сманова.
Ауыл тұрғындарымен кездескен Түркістан облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев алкогольден бас тарту дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
- «Бірлік қайда барасың – ынтымаққа» деген қазақта қанатты сөз бар. Ынтымақтарыңыз арта берсін. Бірлігі бекем ел болайық. Бұл әрине отбасылық құндылықтарды нығайтады, өмір сапасын жақсартады және полицияның жұмысына деген сенімін арттырады, -деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын депутат Ардақ Назаров Түркістанды арақсыз қалаға айналдырсақ деген ұсынысын жеткізген болатын.