Түркістан облысында 37 мыңнан астам жас алғаш рет дауыс береді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында республикалық референдум жоғары белсенділікпен өтіп жатыр. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бұл жолғы саяси науқанның басты ерекшелігі — өңірдегі жастардың саяси процестерге деген ерекше қызығушылығы мен белсенділігі.

Бүгін таңғы сағат 07:00–ден бастап облыс көлемінде 947 дауыс беру учаскесі өз жұмысына кірісті. Оның ішінде 26 учаске жабық форматта қызмет көрсетіп жатыр.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Өңірдегі сайлаушылар тізіміндегі 1 187 257 азаматтың (облыс халқының 55,4%-ы) арасында жастардың үлесі көп. 

Атап айтқанда, биыл 37 796 жас азамат алғаш рет референдумда дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Бұл жастар үшін тек дауыс беру ғана емес, ел болашағына жауапкершілікпен қараудың алғашқы үлкен қадамы. Олардың белсенділігі өңірдегі саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын көрсетеді, — дейді 133 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Башбенова Гүлнар.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Еске сала кетейік, референдум учаскелері кешкі сағат 20:00–ге дейін жұмыс істейді. Әрбір алғаш дауыс берушіге учаскелерде естелік сыйлықтар тапсыру дәстүрі де жалғасып жатыр.