Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада екі адамның тау бөктерінде жабайы жануарды үркітіп, таяқпен ұрған сәті көрінеді.
Оқиғаның Созақ ауданына қарасты Қозмолдақ елдімекені аумағында болғаны анықталды. Осыған байланысты аудан әкімдігі түсініктеме берді.
— Бейнежазбада көрсетілген мәліметке сәйкес, Қозмолдақ елдімекенінің жасөспірімдері тау бөктерінде жүрген кезде тауешкінің лағына кезіккен. Қызығушылық танытқан жасөспірімдер жануарды ұстап көруге әрекет жасаған. Аталған жағдай барысында тау жануарына ешқандай зиян келмеген, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
— Түсіндіру барысында табиғат аясында жабайы жануарларға жақындамау, олардың табиғи тіршілігіне кедергі келтірмеу және қоршаған орта мен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарау қажеттігі айтылды, — деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін жануарларға қатыгездік көрсеткендер 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлейтіні туралы хабарлаған едік.