Түркістан облысында тазалық сақтамаған 10 мыңға жуық адамға хаттама толтырылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде жыл басынан бері қоршаған ортаны ластаушылардан 5 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Бұл туралы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлімдеді. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Түркістандықтар «Таза Қазақстан» акциясын қорытындылады. 6-сәуір мен 11-мамыр аралығында өткізілген акция аясында өңірдегі тарихи орындар мен өзен-көлдер және көшелер қоқыстан тазартылып, жасыл желек көшеттері отырғызылды.

Мәселен, «Таза өлке – Түркістан» атты науқанда 267 ауқымды іс-шара өткізіліп, 1 521 көше бойлары мен 33 мыңнан астам аяқжолдар тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды. Ал, «Киелі мекен» науқаны тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналды. «Жасыл аймақ» бағытында көшет отырғызу мен аулаларды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілсе, «Өнегелі ұрпақ» кезеңінде ардагерлер мен қарттар үйлерінің ауласын тазалау, абаттандыру, жеке үйлерінің қоршауларын бояу жұмыстары жүргізілді. «Мөлдір бұлақ» науқаны тау бөктері мен өзен-көлдердің жағалауларын және су айдындарын тазартуға арналды.

«Жалпы бес аптада абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырды. Бұдан бөлек, науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілді. Сондай-ақ акцияға әр апта сайын 15-20 мыңға жуық адам мен 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 150 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 40 000 шаршы метрге жуық аяқ жолдар тазаланды. 300-ден астам саябақ пен аллеялар ретке келтірілді. 2 000-ға жуық әлеуметтік нысандардың айналасы мен 60 мың шаршы метр су, өзен бойлары тазаланды. Енді қоршаған ортаны ластағандарға 37 000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл бағытта арнайы мобильді топтар құрылып, рейд жұмыстарын жүргізетін болады», - деді Жанәділ Айтбеков.