Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 166 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының іске асырылу нәтижелері жария етілді.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Облыста қоғамдық орындардың тазалығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына бақылау күшейтілді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілді. Сондай-ақ Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 22 млн теңгесі өндірілген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бағдарлама аясында іске қосылған «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 1 323 өтініш түскен.

— Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 2 794 әкімшілік хаттама толтырылып, олардың 2 465-і ескерту түрінде рәсімделді. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Осыған байланысты жауапты әкімдіктерге аталған кемшіліктерді толық жою міндеті жүктелді, — делінген хабарламада.

Ал маусым мен шілде айларында жүргізілген мониторинг барысында облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бей-берекет қоқыс орындарына, 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болды. Жауапты мекемелерге берілген тапсырмалар нәтижесінде анықталған барлық кемшілік толықтай жойылған.

Бұған дейін Түркістан облысында 247 заңсыз қоқыс орны анықталғанын хабарлаған едік.