Бұл дерек бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
— Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6,5,3 және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерді. Сонымен қатар көршілес аумақтарға арнайы бағыттамалар жолданып, іздеу шаралары күшейтілді. Азаматтарды аман-есен табуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар үздіксіз жүргізілді, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында оның күйеуімен арадағы тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кеткені белгілі болды. Әйелдің онда ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрғаны анықталған.
— Қазіргі таңда жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Отбасы мүшелері татуласып, үйлеріне аман-есен оралды, — деп мәлім етті полиция.
Бұған дейін Түркістан облысында суға кеткен 8 жасар баланы іздеу жұмыстары тоқтатылғаны туралы жазған едік.