Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми сауалға берген жауабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу аяқталған.
– Қанаев К.-ға қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен бастап аяқталғанға дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша тергелді. Қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы өзгертілген жоқ және қосымша баппен толықтырылмады, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шара қолданылған. Оның мерзімі ұзартылмаған.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс бойынша кешенді сот дінтану, саясаттану және психологиялық-филологиялық сараптамасы тағайындалып, аяқталған.
– 2026 жылғы 26 тамызда қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 190-бабында көзделген тәртіппен сотқа жолданды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды, – деді Мұхтар Сейділдаев.
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана жария әрекеттер үшін 2 мыңнан 7 мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген. Сондай-ақ осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
2026 жылы 1 АЕК мөлшері – 4 325 теңге. Осылайша, айыппұл көлемі 8 млн 650 мың теңгеден 30 млн 275 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Сотталушы кінәлі деп танылған жағдайда қандай жаза тағайындалатынын сот шешеді.
Еске салайық, тамыз айының басында Түркістан облысының Жетісай қаласында өткен тойдан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған еді. Видеода той қонағы әншілерді «шайтанның азаншылары» деп атап, әйелдер мен ер адамдар бөлек отыруы керек екенін айтқан. Сондай-ақ әйелдерді «ұрғашылар» деп атаған. Осыдан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.
Вице-президент Ерлан Қарин Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін атап өтіп, дінді өнер мен мәдениетке қарсы қоюға болмайтынын айтқан.
Оның пікірінше, әйелдерді кемсіту, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіру болмысымызға мүлдем жат.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам дінінде ана мен әйел адамға құрмет көрсету талап етілетінін және адам қадір-қасиетін қорлауға қатаң тыйым салынатынын еске салды.