Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, маусым айында рейд барысында 273 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 50 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуының 13 фактісі анықталды. Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты 200 дерек тіркелді. Сондай-ақ өзге де 10 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырды.
Бұған дейін Түркістанда 9-сынып оқушысын соққыға жығып, оның өліміне себеп болды деп айыпталған төрт жасөспірімге қатысты сот үкімі шыққанын жазған едік. Негізгі айыпталушы 7 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қалған үш жасөспірімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.