Түркістан облысында түйе көтеретін палуан тұрады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Ол 400 келіге жуық затты иығына салып алып, еркін отырып тұрады.
Сайрам ауданына қарасты Оймауыт ауылының тұрғыны Біржан Сағадатұлын жерлестері «Бөрте» деп атайды. Бұл – оның көкпарға деген қызығушылығына берілген есім. Сондай-ақ күш атасы Қажымұқанның ізбасары санайтындар да бар. Себебі Біржан жас болса да алып күшке ие. Көлік сүйреп, қошқар көтереді. Тіпті, 350-380 келілік түйені иығына салып, қиналмай алға қарай қадамдайды.
- Арнайы жаттығу жасап дайындалған жоқпын. Спорт залға барып, шыныққан емеспін. Бойымда Алланың берген күші бар. Бірден ауыр да, алып заттарды көтеріп кете беремін, - дейді ол.
Жас жігіт алып күшке ие болу қасиетін атасы Жақыпбектен дарыған деп біледі. Ол да жігіт шағында күштілігімен талайды тамсандырған. Көліктің маторын бір өзі көтеріп алған сәттеріне куә болған жерлестері көп. Біржан сол атасына қарап өсті. Тәлімі мен тәрбиесін алды. Бала кезінде қозы, лақты еркін көтеретін болған. Бертін келе, қой, қошқарды иығына салып, жүре беретін күшке ие болды. Қазір түйе көтеретін палуан атанып отыр.
Әлеуметтік желіде Біржанның бірнеше видеосы көпшілікке кеңінен тарап кетті. Онда алып күш иесі есектің үстінде отырған баланы еркін көтеріп алады. Жеңіл көліктің астынан ұстап, жылжытады. Түйені иығына салып алып, адымдап жүреді. Үлкен тасты кеудесіне қысып алып, жүгіреді. Желіде жарияланған бұл видеолар, оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Сондықтан жақсы пікірлер жазып, сәттілік тілеген жандар көп.
- Алыптар сайысынан арнайы жүлдеге ие болдым. Алдағы уақытта да түрлі бәсекелерге қатысып қазақ елінің туын көкке көтерсем деймін. Осы мақсатта Астанаға барып, ауыр атлетикамен шұғылдануды ойлап жүрмін. Жалпы, қолдау болса түбегейлі спортқа ауысуға болады, - дейді палуан.
Біржанның бойы 1,83 метр, ал салмағы 110 келіге жуық. Палуан тамақ талғамайды. Әсіресе, ет, нан салма секілді асты сүйсініп жейді. «Күшті болу үшін, көп тамақ ішу керек» деп біледі. Ал хоббиі – көкпар.
- Қызуқанды қазақпыз гой. Ат десе делебеміз қозып тұрады. Атқа мініп, көкпар шабуға қызығамын. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының атынан шығып, көптеген жүлдеге ие болдық. Өзім де үйде жылқы ұстаймын. «Ақылтеке» атты пародалық жылқым бар. Бірақ ол көкпар шабуға жарамайды, - дейді палуан.
Біржан Қуаныш 2000 жылы дүниеге келген. Оймауыт ауылындағы Төле би атындағы мектепте сауат ашып, 11 жыл бойы білім алды. Содан Аграрлық колледжде оқып, ветеринар мамандығын меңгерді. Бүгінде 25 жастағы жас жігіт ауылда мал дәрігері болып қызмет атқарып келеді.
- Бала күнімізде арман көп болды гой. Дегенмен өмір ағысы басқа арнаға бұрып әкетті. Қазір өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Халыққа қызмет етіп, жерлестерімнің алғысына бөленіп жұрмін, - дейді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда жастар мұқтаж отбасыларға жыл сайын үй салып беретінін жазған болатынбыз.