Түркістан облысында үй жануарларынан зардап шеккендер саны артты

Фото: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар ауданында соңғы бір жылда үй жануарларынан зардап шеккендер саны едәуір артқан.

Биылғы жылдың басынан бері аймақта 4697 адам ит, мысық, үй және жабайы жануарлардың шабуылына ұшырап, түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл – алаңдататын көрсеткіш.

Сандарға зер салсақ, жарақаттанғандардың басым бөлігін иқ қапқан. Өңірде мұндай 3388 жағдай тіркелген. Ал мысықтан жарақат алғандар – 994 адам. Сондай-ақ, малдан 105 адамға қауіп төнсе, жабайы жануарлардан 210 тұрғын зардап шеккен. Ең сорақысы, мыңнан астам жағдайда адамдарды бұралқы иттер қапқан.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай және Отырар аудандарында көрсеткіш облыстық орташа деңгейден жоғары. Дегенмен, мамандардың айтуынша, 2025 жылдың тоғыз айында облыс тұрғындары арасында аса қауіпті құтыру ауруы тіркелмеген.

Дәрігерлер тұрғындарға жануарлар мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият болуды ескертеді.

-Егер күдікті жағдай байқалса, дереу мал дәрігеріне хабарласу қажет. Ит пен мысықты асырайтын әрбір жанұя оларды уақытылы вакцина ектіріп, қараусыз қалдырмауы тиіс. Өйткені жануарларға жауапкершілікпен қарау – тек заң талабы ғана емес, әрбіріміздің қауіпсіздігіміздің кепілі, – делінген ақпаратта.

Ал, Түркістан облысының ветеринария басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде Сауран, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында уақытша ұстау орындары мен ветеринариялық клиникалар жұмыс істейді. Онда жануарларды егу, зарарсыздандыру іс-шаралары жүргізіледі. Ал, қалған аудандарда уақытша ұстау орындары болмағандықтан ветеринарлар ауланған ит пен мысықты тасымалдауға мәжбүр.

-Жыл басынан бері облыс тұрғындары тарапынан 109 бірыңғай байланыс орталығына қаңғыбас жануарларға қатысты мыңдаған арыз-шағым түскен. Соның негізінде 38 665 бұралқы ит пен мысық ауланды. Олардың арасынан құтыру ауруы анықталмағанымен, көшелерде бақылаусыз жүрген жануарлардың көптігі қауіптің сейілмегенін көрсетеді. Әсіресе Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар ауданында соңғы бір жылда үй жануарларынан зардап шеккендер саны едәуір артқан, - делінген басқарма ақпаратында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жылыту маусымы қашан басталатындығын жазған болатынбыз.