Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ауыл шаруашылығына бағытталған жеңілдетілген несиені қолды етіп келген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда 26 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталу сатысында. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев мәлімдеді.

Фото: freepik.com

«Яссы-несие НС» ЖШС-і басшылары ұйымдасқан топ мүшелерімен сөз байласып, жоспарларын бірге жүзеге асырған. Үшінші тұлғалардың атына жалған құқықтық құжат жасап, іс жүзінде жоқ жылжымалы мүліктерді кепілге қойып келген. Нәтижесінде 1,7 млрд. теңгеге жуық қаражатты жымқырған. Оның бүгінгі таңға 700 млн. теңгесі бюджетке өндірілсе, 900 млн. теңгені құрайтын күдіктілердің бағалы жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне сот санкциясымен пайдалануға тыйым салынған.

«Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыс прокуратурасының үйлестіруімен ауыл шаруашылық саласын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиені заңсыз жымқыру деректеріне қатысты ҚР ҚК-нің 262 бабы (ұйымдасқан қылмыстық топ) мен 190 бабы (алаяқтық) бойынша жалпы 26 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталу сатысында. Күдіктілердің басым бөлігіне қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды» - деді Ерболат Балғабаев.