Түркістан облысында заңсыз алтын өндірген топ ұсталды

Фото: freepik.com

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Созақ ауданында алтын құрамды учаскелерін өз бетінше игерумен айналысқан тұлғалар тобы анықталды. 

Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында 12 тұлға рұқсат құжаттарынсыз, экологиялық заңнаманы және өндірістік қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, шамамен 451 грамм алтынды заңсыз өндіргені белгілі болды.

— Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы 1 және 3-бөліктерінде көзделген құқық бұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті тұлғаларға қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, 5 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, — делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

Ведомство өкілдері заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру экологияға елеулі қауіп төндіретінін, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін және қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертеді.

Бұдан бұрын ШҚО-да екі жыл бойы заңсыз алтын өндіргендер ұсталғанын жазған едік