Рейдтік іс-шара барысында Шардара ауданының полиция қызметкерлері балық инспекциясы өкілдерімен бірлесіп, су қоймасында заңсыз балық аулаған екі азаматты анықтады.
Тексеру кезінде олардан 264 келі әртүрлі балық түрлері, сондай-ақ қайық пен балық аулау торлары тәркіленді.
— Аталған факті бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Полиция су биоресурстарын заңсыз аулау фактілерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралардың жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ азаматтарды табиғи ресурстарды пайдалану кезінде заң талаптарын сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
Бұған дейін Түркістанда Қызыл кітапқа енген екі арқарды заңсыз аулағандар ұсталғанын жазған едік.