Түркістан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 10 мектеп ашылды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — «Келешек мектептері» жобасы аясында облыста жалпы саны 23 мың балаға арналған 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа оқу жылының қарсаңында Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы ашылды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атап айтқанда, Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық, Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы, Мақтаарал аудандары мен Арыс қаласында да 300-600 орындық жаңа оқу ошақтары пайдалануға берілді. Бұл — өңірдегі білім инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Жобаның түпкі мақсаты — білім беру инфрақұрылымын жаңғырта отырып, әрбір балаға сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігін жасау.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы 
— жай ғана жаңа ғимараттар салу емес, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді реформа. Биылғы біздің өңірде осы жобамен 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл — болашаққа салынған көпір. Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи, қолайлы ортада еңбек етіп, білім алуы — еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыратын басты құрал. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, — деді Нұралхан Көшеров.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңа мектеп заман талабына сай толық жабдықталған. Кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт залы, хореография залы, медициналық кабинеттер және бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Бұл мектептерде тек білім берудің сапасы ғана емес, сонымен қатар оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән беріледі.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан облысында жалпы саны 23 мың балаға арналған 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Екі ауысыммен 46 мың бала білім алады.

Оның 13-і өткен оқу жылында пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 16 мектеп оқушыларға есік ашпақ.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Мектептерді жаңғырту» (реновация) тапсырмасына орай, үш жылда 115 мектеп жаңартудан өтетін болады. Биыл облыста 100 мектеп жөндеуден өтті.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңа форматтағы бұл оқу орындары білім берудің жаңа мазмұнын іске асыруда, педагогтардың кәсіби өсуіне мүмкіндік туғызып, келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге негіз болмақ.