Түркістан облысында жаңа оқу жылында қанша мектеп ашылады

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде 115 мектепті қамтитын реновациялық жоба іске асып жатыр. 

Білім сапасын арттыруға және білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бұл ауқымды жоба 2025–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жоба аясында биыл 41 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ал 2025 жылы — 38, 2027 жылы — 36 мектепті жаңғырту көзделген.

Қазіргі таңда 41 мектептің 40-ында бекітілген өндірістік кестеге сай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы 6 мектеп күрделі жөндеуден, 15 мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Қалған 20 нысан — 2026 жылға өтпелі ретінде жоспарланған.

Жаңғыртуға іліккен білім ошақтарының басым көпшілігі — ауылдық елді мекендерде орналасқан, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептер. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті жоюға, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде облыстағы мемлекеттік мектептердің 798-і типтік, 124-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен биылғы жылы 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 мектеп, 1 жатақхана, 5 қосымша білім беру ұйымы бар.

Аталған нысандардың төртеуі биыл пайдалануға берілмек. Қалған 13 нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылған.

«Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 22 900 орындық 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы — 13 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы — 16 мектеп іске қосылмақ.

Аталған 29 мектептің инженерлік инфрақұрылымы 100% қамтамасыз етілген. 23 мектепте кірме жолдар толықтай салынып бітсе, 6 мектепте ауыр техника жұмыстары аяқталған соң жол төсеу басталады.

2024 жылы құрылысы аяқталған 13 мектептің 12-сі облыстық меншікке берілді, оның ішінде 9 мектепте оқу процесі басталған, ал 4 мектепте оқу қыркүйек айында басталмақ. 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 3-еуінде құрылыс аяқталуға жақын, 8 мектептің жұмысы 90%-ға, 5 мектептің жұмысы 70%-ға орындалған.

Жалпы 2024-2025 оқу жылында өңірде 1093 мектеп оқушыларды қабылдайды. Оның ішінде 922 — мемлекеттік болса, 171 — жекеменшік. Биылғы жылы келешек мектептер мен жаңа құрылыстар есебінен мемлекеттік мектептер желісі 935 ұлғаяды деп жаспарланған. Жаңа оқу жылында жобамен 1-11 сыныптарда 568 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтіліп отыр. Ал, 1-сыныпқа 48 000 астам оқушыны қабылданбақ.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан мектептеріне «ақылды» жүйе енгізіліп жатыр.